Русский
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Атырауская область

СҮЙЕУ ЖӘЙЛІ СЫР

СҮЙЕУ ЖӘЙЛІ СЫР

Қырдың құланындай жорытып жүретін осы бір жігітті мен көптен бері білемін. Күздің желінде де, қыстың аязында да, көктемнің самалында да, жаздың аптабында да ол дағдысынан жаңылмай желмаядай желіп жүреді. Аялдамада автобус күтіп тұру деген оның әдетінде жоқ нәрсе. Мүмкін бұл марафоншылардың кәсіби дағдысы болар. Әйтеуір осы аласа бойлы қоңырқай жігіттің бойында біз білмейтін бір құпия бар сияқты көрінеді де тұрады. Оның осы әдетіне деген менің бойымдағы қызығушылық онымен жақынырақ танысуға итермеледі. Бұл Махамбеттің тумасы, Атырау жылу жүйесі мекемесіндегі байырғы жұмысшы, әуесқой марафоншы Сүйеу Қамағалиұлы Жалмағамбетов боп шықты. Ол 1954 жылы Яманка – Жаманқала атауымен кәрі құлақтардың есінде қалған, қазіргі Махамбет ауданында Жайыққа төніп тұрған тапал үйде Қамағали қарттың қара шаңырағында өмірге келген Сүйеу екен.

Кішкентайынан-ақ қағылез, пысық Сүйеу, ата-анасына қолғабысқа ерте жараған. Әкесі шаруашылықтың машинасының жүргізушісі болғандықтан жұмысқа таңнан кетіп кеш келетін. Үйдің бар жұмысы, балалардың жағдайы, аналары Сарымсақтың мойнындағы міндеті еді. Сүйеу жеті перзенттің екіншісі болды. Әкесіне көмектесіп, жастайынан еңбекке икемді болды. Үйдегі қозы-лақтарды бағу, оларды Жайыққа айдап суару, көгалға жайып, қадағалап қарау оның тікелей міндетіне айналды. Сол өлкеден онжылдықты тәмамдаған соң буырқанған бозбала 1973 жылы Гурьев ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. Оқуын бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылып, Түрікменстан жерінде өз қызметін өтейді.

Азаматтық борышын өтеп, ауылға келген сәті әлі күнге есінде: ауылға деген сағыныш сезімі кеудесіне сыймай, поездан бұрын жететіндей вагон табалдырығына шығып тұрған жас жігіт, станса алаңқайының бір шетінде, арадағы екі жылда сүйіспеншілігін суытпай, бір құшақ гүлін ұстап, күтіп тұрған Гүлжанын көреді. Антқа адалдық, махабаттағы тұрақтылық осындай-ақ болар. Сол қасиеттің алдында бас иелік, тағзым жасалық. Еңбекқор жігіт келген бойда атағы Одаққа танымал болған химия зауытының газ-компрессор қондырғысына машинист болып жұмысқа кіріседі. Өзінің орнықты орнын тапқан ол бұл жерде де абыройсыз болмайды. Алайда нарық сынағынан өте алмаған алып мекеме жабылып тынады да, Сүйеу басқа да әріптестерімен бірге басқа салалардан жұмыс қарастыруға шығады. 1985 жылы Гүлжан Базарбайқызымен бас қосып, шаңырақ көтереді. Өмірге Венера мен Жалғас келді. Бұл күнде қызы бір әулеттің келіні де, ұлы күйеулік кезеңге дайындалып жүр. 1997 жылы Сүйеу Жалмағамбетов Атырау жылу жүйесіне кварталдарды қадағалау бойынша слесарь болып жұмысқа орналасады. Ол өзінің еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен, талапшылдығымен көзге түсіп, 2007 жылы ЖЖПА-2 бөлімшесіне шебер болып бекітіледі. Бөлімше басшысы Жолдас Әжігерейұлы Қазанбаев жас маманды жанжағынан сынап, сенімге лайық жігіт екеніне көз жеткізеді. Сүйеу үлгілі жұмысымен қатар спортпен де жүйелі түрде айналысып жүрген азамат. Ерен еңбегі үшін алған марапаттарымен қатар үлкен спорт додаларында алған медаль, дипломдары да жеткілікті. Ол облысымызға белгілі марафоншылардың бірі, әуесқой балықшы, сөзден жеңілмейтін шақпа тілдің шебері.

Другие новости